Подпишитесь на наши новости:
Табыс тарихы
другие Табыс тарихы
Ауылдық жерлерде шағын бизнестің дамуы. "Байтақ жер"
Боранқұл ауылында балалар және спорт алаңдары ашылды!
Ақкиізтоғай ауылы "Жарық көше" жобасы
21 желтоқсан 2017 ж.
Екінші мүмкіндік
Мамандығы бойынша математика және информатика мұғалімі Ирина тігін ісін әрдайым тек хобби ретінде қарастыратын. Ирина бұл істі кәсіби тігінші анасынан үйренген. Ол 6 жасынан бастап әуелі қуыршақтарға, уақыт өте өзіне киім тіге бастады, алайда бұл ісін кәсіпке айналдыру туралы ешқашан ойлаған емес.
Мектептегі жұмысынан да, бухгалтерлік кәсіптен де қанағаттанбаған Ира өз ісін іздеуді тоқтатқан жоқ. Facebook-тегі кездейсоқ жазба оның өмірін түбегейлі өзгертті. Танысы Ираның қолынан шыққан киімнің фотосын жариялап, ол жазба көптеген лайктар мен көрсетілімдерге ие болды. Сол кезде Ира сүйікті ісі арқылы қаржы жинау туралы алғаш ойлана бастайды.
Құрал-жабдық алуға қаражат болмағандықтан, Ира үйде жұмыс жасайтын тігіншілерді тартуды ұйғарады. Ол бірнеше пішілген көйлектерді тігіншілерге тапсырып, аптаның соңында сатуға дайын бұйымдар алатын. Ол уақытта Ира өзінің әлеуметтік кәсіпкер ретінде жұмыс жасап жүргенінен бейхабар-тын. Бірақ бір орында тоқтап қалуға болмайтындығын да сезді. Сөйтіп 2016 жылы "Даму" қорынан алынған несиеге құрал-жабдықтар сатып алып, киім шығарумен айналысатын жеке цехына ыңғайлы ғимарат іздеуге кіріседі.
Дәл осы кезде, абақтыдағы мерзімін өтеген соң жұмысқа тұруда қиындықтарға тап болатын әйелдерді қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жөнінде Қылмыстық түзету жүйесі бөлімінен сұраныс түседі. Бұрын қамауда болған бұл әйелдер не базарларда еңбек етеді, не қайтадан қылмысқа барады.
Алғашында колонияда жұмыс жасау туралы ойдан Иринаның зәресі қашқанмен, ұсыныстан бас тартқан жоқ. Ол колонияда цех ашып, жазаға кесілген әйелдерді киім пішу мен тігуге оқыта бастады, содан соң тәжірибе жинақтау үшін цехтан жұмыс берді. Бастапқыда ниет білдірушілер көп болғанымен, тек төрт әйелді ғана жұмысқа тартты. Абақтыдан босағандарына қарай Ирина басқаларды да өзіне жұмысқа алды.
"Колониядан кейінгі әйелдерді оңалту" жобасымен ол 2017 жылы әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған "Жарқыра" байқауына қатысты.
"Жоба мейлінше көп әйелдерге көмектесуі қажет. Сондықтан мен ұзақ мерзімге жұмысқа қабылдамаймын. Олар колониядан шығып, өмірлерін қалыпқа келтірген соң жаңа қыз-келіншектерді жұмысқа аламын, ал оқып, тәжірибе жинағандар енді қиналмай жұмыс таба алады", - дейді Ирина.
Иринаның жобасы ақтық сайысқа шығып, байқау жеңімпаздарының бірі атанды. Қарызға алынған сомаға жаңа тігін жабдықтары, материалдар мен фурнитура алынды. Атыраудағы цехтың іске қосылуы 2018 жылдың басына жоспарланып отыр. Цехтың ашылуы әйелдерді жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың колониядан тыс өмірге жылдам бейімделіп, қоғаммен араласуына септігін тигізеді.
"Жарқыра" бағдарламасының шеңберінде Ирина Бішкек қаласында тәжірибеден өтті. Ол өндірістік базалар мен тігін цехтары, сондай-ақ қызметі колониядан кейінгі әйелдерді оңалтуға бағытталған "Кулукан" ҮЕҰ -ның жұмысымен танысты.
Колониядан босағаннан кейін де әйелдердің көпшілігі Иринамен байланысын үзбейді: "Жақында бұрынғы жұмысшыларымның бірі хабарласты. Бостандыққа шыққан соң ол Ақтауға оралып, өзінің тігін ісін бастапты. Айгерім есімді тағы бір келіншек өзінің отаны Ақтөбеге қайтып, туыстары оған тігін жабдықтарын сатып алуға көмектескен. Бүгінде ол қызы екеуі Ателье ашып, жеке тапсырыстар қабылдауға дайын. Абақтыға қамалғанға дейін ол басқа салада қызмет еткен, алайда қазір кәсібін өзгертуге шешім қабылдады. Жақында тағы бір қызымыз бостандыққа шығады. Мадина колонияның территориясында ұлттық нақыштағы киім тігетін цех ашып, қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге қол ұшын созбақ. Біз біраз уақыт серіктес боламыз - ортақ жоба турасында ойлану үстіндеміз, бірлескен киім топтамасын құрастыру және шығару ниетіміз бар".
Иринаның айтуынша, оның ұжымы өте тату. Қыздар тек берілген тапсырмаларды орындап қана қоймай, өздерінің қызықты идеяларын да ұсынып тұрады. Олар бірнеше байқаулар мен сән көрсетілімдеріне қатысқан. Ирина колонияның қоғамдық өміріне белсенді араласады, сұхбаттар өткізіп, моральдік қолдау көрсетеді. Ирина өзінің бұл әйелдердің өміріне оң ықпал ете алатындығына қуанышты: "Әр адамда сүрінгенде қайта тұрып кететін екінші мүмкіндігі болуы керек", - дейді ол.