Подпишитесь на наши новости:
Табыс тарихы
другие Табыс тарихы
Ауылдық жерлерде шағын бизнестің дамуы. "Байтақ жер"
Боранқұл ауылында балалар және спорт алаңдары ашылды!
Ақкиізтоғай ауылы "Жарық көше" жобасы
3 қыркүйек 2019 ж.
Болашақ бүгіннен басталады
Он екі жасар Серіжан толық емес отбасында ер жетіп келеді. Икемсіз, ұяң, қабағы түнерген бала қатарларымен нашар тіл табысатын. Мүмкін ер адамның тәрбиесінің болмауы осылай әсер еткен болар. Анасының Серіжанды мектептен тыс сабақтар мен секциялармен қызықтыру әрекеттері жемісін де бермейді.
2018 ж. Серіжанды Жаңаөзендегі робототехника үйірмесіне әкелген болатын. Алғашқы сабақтан-ақ балаға құрастыру мен бағдарламалау ұнайды. Талабының арқасында ол орталықтың үздік оқушыларының бірі атанып, түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Достық атмосфера, ұстаз-ағайлар мен қызықты сабақтар жасөспірімнің ашық-жарқын, мейірбан болуына септігін тигізді.
Робототехникамен айналысқанға дейін өзінің тұйық әрі енжар болғанын Серіжанның өзі де мойындайды. «Робототехниканың арқасында менің ғылым мен заманауи технологияларға қызығушылығым оянды. Мен өз болашағымды ақпараттық технологиялармен байланыстырамын», - дейді Серіжан.
Жаңаөзендегі робототехника үйірмесі 2018 жылдың маусым айында ашылды. Мұнда 5 пен 15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер роботтарды жинап, бағдарламалар жазады. Жылына 200-ден астам бала білім алады. Жобалармен айналысу арқылы балалар жаратылыстану, математика, информатика және графикалық дизайн сынды пәндердің құндылығын түсінеді. 21 ғасырда бәсекеге қабілетті болуға қажетті дағдыларды үйренеді.
2018 ж. үйірменің жетекшісі Нұрлан Жалғасбаев «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлік байқауына қатысқан болатын. Байқаудың шеңберінде алынған қаражатқа Нұрлан және тағы бір оқытушы Нұр-Сұлтан қ. «STEM Academia» орталығында «Инженерлік математика. Бағдарламалау. Робототехника. 3D Моделдеу» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды.
«Біздікі сынды жобалар балаларға шығармашылық дамуға, өз қабілеттерін анықтауға, болашаққа мақсаттар қойып, бар ресурстар мен уақытты тиімді пайдалануға, мамандық таңдауға көмектеседі. Робототехника ыждағаттылық пен зейін қоюды талап ететіндіктен, балалардың бойында байсалды әрі салмақты мінез қалыптасады», - дейді үйірме жетекшісі Нұрлан Жалғасбаев.
Жуық арада үйірменің жұмысына жаңа қызметтер қосылады – мүмкіндігі шектеулі және ақыл-ес дамуының кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту робототехникасы, STEM және бағдарламалау курстары. Болашақта осындай орталықты Ақтау қаласынан ашу жоспарлануда.